Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының қорытындылары

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

2026 жылғы 28-30 қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары өтті.

Сапар Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мен тереңдетудің жаңа кезеңін айқындады. 2027 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатыны атап өтілді.

Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасының Федералдық канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар арасындағы келіссөздердің негізгі тақырыптарын аса маңызды шикізаттар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, цифрландыру және озық технологиялар бағытындағы бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелері құрады.

Мемлекет басшысының пікірінше, өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау мен химия өнеркәсібін қоса алғанда, қосылған құны жоғары өнім өндіру сияқты бағыттарда айтарлықтай әлеуеті бар.

Қазақстан Германия үшін бұдан әрі де сенімді мұнай жеткізуші ретінде өз рөлін атқаруға және қолда бар көлік мүмкіндіктерін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенін растады. Германия тарапы жеткізу көздерін әртараптандыру мақсатында мұнай импортын арттыруға жоғары қызығушылық танытты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойды.

Сонымен қатар тараптар «Орталық Азия – Германия» форматы аясындағы жұмысты жандандыруға уағдаласты.

Келіссөздер барысында жалпы құны шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының Бірлескен декларациясы қабылданды. Құжатта сауда, энергетика, аса маңызды шикізат материалдары, көлік, технологиялар, білім беру және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі жоспарлар айқындалған.

Қазақстан мен Германия басшылары Берлинде өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіптік бастамасын құруды ұсынды. Оның негізіне Қазақстанда жаңа салалардың қалыптасуына ықпал ететін, озық неміс технологиялары мен құзыреттерін тартуға және өңірлік әрі әлемдік нарықтар үшін бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін флагмандық жобалардың бірыңғай портфелін қалыптастыру қағидаты ұсынылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Мюнхенде Мемлекет басшысы Қазақстан–Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйлеп, бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды:

– Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен компанияларын Баварияның жартылай өткізгіштер өнеркәсібі экожүйесімен интеграциялау мақсатында Bavarian Chips Alliance ұйымымен әріптестік бағдарламасын іске қосу;

– Баварияның су үнемдеу және дәлме-дәл егіншілік технологияларын пайдалана отырып, модельдік ферма құру;

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында өнеркәсіптік және логистикалық хабтарды дамыту;

– «Alatau City» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларға Бавария бизнесінің қатысуын қамтамасыз ету;

– Алматы қаласында Бавария экономикасының өкілдігін ашу.

Президент сондай-ақ Германияның жетекші компанияларының топ-менеджмент өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді:

– Siemens AG компаниясымен келіссөздер барысында «Qarmet» металлургиялық комбинатын («Silk Road Electronics» компаниясымен бірлесіп) жаңғырту жобасы, сондай-ақ энергетика, медицина және деректерді өңдеу орталықтары салаларына автоматтандыру технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.

– Linde компаниясымен жалпы көлемі 500 млн АҚШ долларына дейінгі инвестициялық жобалар, оның ішінде Теміртау қаласында ауа бөлу қондырғысын салу және көмірқышқыл газын ұстау, кәдеге жарату және сақтау (CCUS) технологияларын енгізу жобалары қаралды.

– Aurubis AG компаниясымен аса маңызды материалдарды терең өңдеу жөніндегі жоспарлар айқындалды. Қазақстанда Еуропалық Одақ стратегиялық шикізат ретінде жіктеген 34 шикізат түрінің 21-і бар.

Анықтама: Германия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-инвестициялық серіктестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 4,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1 400-ден астам компания тіркелген. Неміс инвестицияларының көлемі 8 млрд. АҚШ долларына жетті. Бірлескен инвестициялық портфельге жалпы құны 54 млрд АҚШ долларын құрайтын 40 индустриялық жоба кіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1304037?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді