
ШҚО-да жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркеу мүмкіндіктері кеңейтілді
Шығыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыс жалғасуда. Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаудың тиімді құралдарының бірі – құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу кешендері.
Камералар көлік жылдамдығын белгіленген шектен асыруды, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп кетуді, жол белгілері мен жол таңбалары талаптарын бұзуды, тоқтау және тұраққа қою, сондай-ақ басып озу қағидаларын бұзуды және жаяу жүргіншілерге жол бермеу жағдайларын тіркейді.
2026 жылғы 12 наурыздан бастап аталған кешендердің техникалық мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді автоматты режимде көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері де анықталады.
Камера жолдағы жағдайды тіркейді, ал жүйе көлік құралын сәйкестендіріп, орын алған құқық бұзушылықты анықтайды. Деректер өңделгеннен кейін, тиісті негіздер болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы нұсқама шығарылады. Бұл туралы ақпарат заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті тұлғаға жеткізіледі.
Автоматты түрде тіркеу жүйесі техникалық құралдардың көмегімен орын алған құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жабдық белгіленген талаптарға сай болуы, ал өлшеу құралдары метрологиялық тексеруден өтуі тиіс.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтау – барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1303474?lang=ru

Жауап қалдыру