
1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Арман» шаруа қожалығын Владимир Евстратов басқарады. Кәсіпорын өсімдік шаруашылығына маманданған. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 2 379 гектар, оның 1 013 гектары – егістік, 1 366 гектары – жайылым. Шаруашылықта 265 гектар жерге бидай, 900 гектарға арпа, 75 гектарға картоп егілген.
Шаруашылықта 27 адам еңбек етеді. 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Сонымен қатар 28 жылқы өсіріледі.
Облыс әкімі Владимир Евстратовпен егін жинау науқанының қорытындыларын, өнімділік және картопты сақтау мәселелерін талқылады. Шаруа қожалығы басшысының айтуынша, картоптың орташа өнімділігі гектарына 12 тоннадан асады.
«Біздің өңір үшін бұл – жақсы көрсеткіш. Жоғары өнім алу ғана емес, оны дұрыс сақтау, сұрыптау және әрі қарай өткізу де маңызды. Әсіресе бұл тұрақтандыру қорларына түсіп, кейін халыққа сатылатын көкөніс өнімдеріне қатысты. Өнімді сақтау мен сұрыптаудан бастап, оны өткізуге дейінгі әр кезеңді мұқият бақылау қажет. Халыққа сапалы өнім жеткізілуі тиіс»,– деді Асхат Шахаров.
Өңір басшысы шаруашылықтың картоп өнімі сақталған қоймасын да аралады. Владимир Евстратов қойманың ерекшеліктері мен өнімді сақтау жағдайлары туралы айтып берді. Оның сөзінше, тіпті қатты аяз кезінде де мұнда қажетті температураны сақтауға мүмкіндік бар.
Кездесу барысында «Арман» шаруа қожалығының басшысы картоп шаруашылығын одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті. Шаруашылықта картоп едәуір көлемдегі алқапқа егіледі. Бұл өндірістің тұрақты көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс әкімі Желтау ауылдық округіндегі өзге де шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті. Аграршылар өз шаруашылықтарындағы қазіргі жұмыс барысы туралы айтып, маусымдық жұмыстар кезінде туындайтын мәселелерді ортаға салды.
Негізгі мәселелер қатарында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, несие ресурстарының қолжетімділігі, көктемгі егіс науқанын өткізу, жерді тиімді пайдалану және мал шаруашылығын дамыту мәселелері бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сақтау және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
2023 жылы «Арман» шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы құны 1 066,4 млн теңгені құрайтын заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 147 млн теңге көлемінде несие берілген.
Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекеттік қолдау шаралары аясында қажетті көмек көрсетуді қамтамасыз етуді әрі қарай жалғастыру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1304370?lang=ru

Жауап қалдыру