
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Дәуір мұрасы. Третьяков галереясы қорындағы ХХ ғасыр өнері» атты көрме ашылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев көрменің ашылуына орай құттықтау хатын жолдап, бұл көрменің 2025 жылы басталған музейаралық ынтымақтастықтың жалғасы екенін атап өтті. Былтыр Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы музей қорындағы туындылар көпшілікке ұсынылған еді. Министр мұндай мәдени байланыс екі елдің музей мамандары арасында тәжірибе алмасуға, кәсіби қарым-қатынасты дамытуға және мәдени мұраны кеңінен танытуға ықпал ететінін жеткізді.
Көрмеге қатысушыларға Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова да құттықтау хатын жолдады. Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстың екіжақты ынтымақтастықта маңызды орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық әріптестеріне жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Алматыдағы көрмеге Третьяков галереясының қорынан 30 өнер туындысы арнайы әкелінгенін мәлімдеді.
Жиынның ашылу салтанатында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары – Даму және халықаралық бизнес блогының директоры Кирилл Комаров, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры Гүләйім Жұмабекова және Мемлекеттік Третьяков галереясы бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Татьяна Юденкова сөз сөйледі.
Көрмеге 1917 жылдан 1970 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын туындылар қойылған. Көпшілік мұнда ХХ ғасырдағы бейнелеу өнерінің негізгі даму кезеңдерімен таныса алады. Көрмедегі шығармалардан сол дәуірдегі тарихи оқиғалар, қоғамдағы өзгерістер мен бірнеше буын суретшілерінің шығармашылық ізденістері көрініс тапқан.
Экспозицияға Борис Кустодиев, Аркадий Рылов, Александр Дейнека, Пётр Кончаловский, Илья Машков, Виктор Попков, Дмитрий Жилинский және Татьяна Яблонская секілді суретшілердің еңбектері енген. Олардың туындыларында революция, индустрияландыру, майдан, соғыстан кейінгі жылдар, күнделікті тұрмыс пен адамның ішкі жан дүниесі бейнеленген.
Көрме «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1307845?lang=ru

Жауап қалдыру