Дебрецен делегациясының Шымкентке сапары

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Мажарстанның Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған делегация Шымкент қаласына сапармен келді. Сапар аясында екі қаланың іскерлік топтарының өкілдері қатысқан бизнес-форум өтіп, онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Форум жалғасы ретінде екіжақты B2B кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысында екі қаланың кәсіпкерлері өз жобаларын таныстырып, серіктестіктің ықтимал бағыттарын талқылады.

Бағдарламаның маңызды бөлігі Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папптың Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесуі болды. Тараптар экономика, инвестициялар, білім беру және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту, қалалық инфрақұрылымды дамыту және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағыттарында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Қалалар арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Перспективалық бастамалардың қатарында Дебреценде Шымкент күндерін өткізу және Дебрецен университетінің Шымкентте филиалын ашу ұсыныстары бар.

«Дебрецен – Мажарстанның жетекші білім беру, ғылыми және экономикалық орталықтарының бірі. Оның тәжірибесі Шымкент үшін қызығушылық тудырады, ал бауырлас қала қатынастарын орнату бірлескен жобалар мен жаңа іскерлік байланыстарды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады», – деді қала әкімі.

Кездесу қорытындысы бойынша Шымкент пен Дебрецен арасында бауырлас қала қатынастарын орнату туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі қала арасындағы тығыз байланыстарды дамытуға және түрлі салаларда бірлескен бастамаларды іске асыруға негіз қалайды.

Тағы бір маңызды шара қалалық Дендросаябақта Дебрецен қаласының әкімі мен іскерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу рәсімі болды. Аталған акция қалалар арасындағы достықтың және ұзақ мерзімді әріптестікке деген ұмтылыстың белгісіне айналды.

Сапар барысында Ласло Папп жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, бауырлас қала қатынастарын орнатудың маңызы мен Дебрецен мен Шымкент арасындағы одан әрі байланыстардың перспективалары туралы айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1307774?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді