
Интернеттегі қауіпсіздік: ШҚТУ студенттеріне кибералаяқтардан сақтану жолдары түсіндірілді
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірінші курс студенттерімен профилактикалық кездесу өтті. Оған 80-ге жуық студент қатысып, интернеттегі қауіптер, кибералаяқтық және желіде сақтық таныту жолдары туралы әңгіме өрбіді.
Студенттермен ШҚО ПД КҚІҚБ аға жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрай Арыстанбек кездесті. Ол жастар жиі тап болатын қылмыстық схемаларға тоқталып, дропперлік және «активаторлар» туралы айтып берді. Мұндай жағдайда жастар өздерінің банк карталары мен шоттарын заңсыз операцияларға пайдалануға келісіп, қылмыстық іске араласуы мүмкін.
Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері де талқыланды. Студенттерге күмәнді ұсыныстарды ажырату, белгісіз сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдардың сөзіне бірден сенбеу және интернетте кез келген ақпаратты тексеру қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ оңай ақша табуға уәде берген ұсыныстардың соңы жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені айтылды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, интернеттегі түрлі жағдайларға байланысты түсініктемелер алды. Сонымен қатар жеке ақпарат пен қаражатты қорғауға көмектесетін қарапайым қауіпсіздік ережелері еске салынды.
Полиция жастарды интернетте қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және қандай да бір әрекет жасамас бұрын ақпаратты тексеруге шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1307404?lang=ru

Жауап қалдыру