
2026 жылғы 8 қазанда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Грек Республикасының Қазақстандағы Елшісі Антониа Кацурумен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелерін талқылады.
«Қазақстан мен Грекия арасындағы әріптестіктің нәтижесін тек мұнай жеткізу көлемімен емес, ашылған жаңа өндірістермен, енгізілген технологиялармен және құрылған жұмыс орындарымен де өлшегіміз келеді. Грек бизнесінің Қазақстанға деген қызығушылығы барған сайын практикалық сипат алып келеді. Енді жалпы уағдаластықтардан нақты экономикалық нәтижелерге көшетін уақыт келді. Біз әр инвесторға алғашқы келіссөздерден бастап кәсіпорынды іске қосуға дейін жүйелі қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті А.Зебешев.
Бұл қызығушылық нақты жобалармен расталып отыр. Қазақстанда грек капиталының қатысуымен 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан–Грекия ынтымақтастығының инвестициялық жобалар портфелінде жалпы құны 133,5 млн АҚШ долларын құрайтын 8 жоба бар.
Олардың бірі SABO компаниясы Өскемен, Семей және Ақтөбе қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін үш зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Жалпы құны 122 млн АҚШ долларын құрайтын тағы бес жоба пысықталу кезеңінде. Олардың қатарында Doppler компаниясының Астанада лифт жабдықтарын өндіру жобасы, Desserta Hellas компаниясының Ақмола облысында сүт өнімдерін өндіру зауытын салу жобасы, сондай-ақ өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен күн энергетикасы салаларындағы жобалар бар.
METLEN Energy & Metals компаниясы металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу және олардан мыс, мырыш, никель, кобальт пен басқа да аса маңызды металдарды алу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.
Экономикалық әріптестіктің негізін энергетика саласы құрайды. Қазақстан Грекияға шикі мұнай жеткізушілер арасында екінші орында тұр және Грекияның мұнай импортының шамамен 24%-ын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2,4 млрд АҚШ долларын құраса, 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1307749?lang=ru

Жауап қалдыру