
Қазақстанның ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өтіп жатқан FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатына қатысуда. Байқауға әлемнің 185 елінен жас инженерлер жиналды. Қазақстан бұл жарысқа төрт дүркін әлем чемпионы атағын қорғаушы ел ретінде қатысып отыр.
Ұлттық құрама сапына Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №92 мектеп-лицейдің 9-10-сыныптарында оқитын бес оқушы енді: Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали, Арнур Абдулла және Ерасыл Ендібай.
Биылғы жарыстың тақырыбы орман өрттеріне арналған. Қатысушыларға орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге байланысты тапсырмаларды орындайтын роботтарды жобалау, құрастыру және бағдарламалау міндеті қойылған. Чемпионат барысында инженерлік дағдыларға, командалық жұмысқа және халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі.
Қазақстан құрамасын Асылбек Мурзахметов, Нурдаулет Досмагамбет, Нурсултан Ергеш және Дарманбек Наурызбаев жаттықтырады.
Ұлттық құраманың құрамы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп, Astana Motors құрамына кіретін OMODA & JAECOO брендтерінің қолдауымен ұйымдастырған ұлттық іріктеу нәтижесінде жасақталды.
Қазақстандық оқушылардың халықаралық чемпионатқа қатысуы инженерлік ойлауды дамытуға, робототехника мен STEM білім беруді кеңінен насихаттауға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1307521?lang=ru

Жауап қалдыру