
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 277 Гкал/сағ болатын жаңа электр станциясының жұмысымен танысты. Нысанда «Aksa Energy» ұжымымен кездесу өтті. Сондай-ақ станцияның негізгі және қосалқы жабдықтарын автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысы көрсетілді.
Кездесу барысында станцияның жылыту кезеңіндегі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, негізгі жабдықтардың сенімділігі және персоналдың жылыту маусымын өткізуге дайындығы мәселелері талқыланды.
Бұдан әрі «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ-ның жұмысы қаралды. Негізгі назар электр желілерінің техникалық жай-күйіне, электрмен жабдықтаудың сенімділігіне, желілік шаруашылықты жаңғыртуға және техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аударылды.
Сапар барысында энергетикалық кәсіпорындардың қатысуымен кеңес өтті. Кездесу барысында энергетикалық нысандардың дайындығы, электр желілері мен жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жалпы, өңірде жылыту маусымына дайындық аясында шамамен 55 км электр беру желісі мен 30 қосалқы станция жөнделді.
Кеңес қорытындысы бойынша энергетикалық кәсіпорындардың басшыларына нысандардың жылыту кезеңінде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, олардың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау және қажетті шараларды уақтылы қабылдау бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Комитет жылыту маусымы кезеңінде өңірлердің энергетикалық инфрақұрылымының сенімділігі мен тұрақтылығын бақылау жұмыстарын жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kaenk/press/news/details/1307394?lang=ru

Жауап қалдыру