«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Зәйлім Мажитованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға аудан прокуроры Алмас Меңлібаев, комиссия мүшелері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста аудан аумағында «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру, сондай-ақ «Қауіпсіз өңір» және «Айқын нәтиже» жобалары аясында 9 ай ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындылары қаралды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықтық ахуалды тұрақтандыру бағытындағы алдағы міндеттер талқыланды.

Ауылдық округтердегі қылмыс пен құқық бұзушылықтарға тұрақты түрде талдау жүргізу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және қылмыстылық картасын жүйелі түрде жаңартып отыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар мен есірткі қылмыстарының алдын алу, «Есірткісіз болашақ» үшжақты меморандумы аясындағы жұмыстарды жүйелеу, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды күшейту мәселелері қаралды.

Халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де баса назар аударылды. Атап айтқанда, ауылдық округтерде қараусыз малдың автомобиль жолдарына шығуына жол бермеу, ауыл шаруашылығы жануарларын ұйымдасқан түрде бағуды қамтамасыз ету, малға жарық шағылыстырғыш құралдар тағу және айыппұл тұрақтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі шаралар талқыланды.

Сондай-ақ автомобиль жолдарына жақын орналасқан шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен азаматтарға тиесілі үй жануарлары және олардың таңбалары туралы мәліметтер базасын қалыптастыру, оны ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің мемлекеттік базасымен интеграциялау мүмкіндіктері қаралды.

Бұдан бөлек, ауылдық округтердегі «Ішімдіксіз ауыл» жобасының тиімділігін арттыру, профилактикалық жұмыстардың нәтижелілігін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау және қоғамдық тәртіпке кері әсер ететін факторлардың алдын алу бойынша ұсыныстар ортаға салынды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қаралған мәселелерге қатысты жауапты мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

#АқжайықАуданы #ЗаңМенТәртіп #ҚұқықБұзушылықтыңАлдынАлу #ҚауіпсізӨңір

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1307819?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді