
2026 жылғы 9 қазанда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының ұйымдастыруымен «Академиялық жазуды оқытудағы заманауи тәжірибелер және қазақ тіліндегі ғылыми коммуникация» тақырыбында аймақтық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесінде академиялық жазуды оқытудың заманауи тәсілдерін талқылау, ғылыми коммуникацияны дамыту және қазақ тіліндегі академиялық тіл мәдениетін жетілдіру.
Іс-шара барысында жоғары білім берудегі академиялық жазу, ғылыми коммуникацияны дамытудың жаңа мүмкіндіктері, ғылым тілін дамыту жолдары қарастырылды.
Семинарға арнайы шақырылған Назарбаев университетінің профессоры Зейнехан Күзекова негізгі тақырып төңірегінде ойын ортаға салып, шетелдік ғалымдардың бұл бағыттағы еңбектерін таныстырды.
Сондай-ақ семинарға Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жақан Жұпар Рысқұлқызы қатысып, “Ғылыми коммуникация және тілмәдениеті” тақырыбында баяндама жасады.
Кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған бұл басқосу академиялық жазылымның өзекті мәселелерін талқылауға, ғылыми ойды сауатты жеткізу жолдарын саралауға және қазақ тіліндегі ғылыми коммуникацияның сапасын арттыруға мүмкіндік беретін игілікті іс-шара болды. Семинар жұмысына ЖОО ғалымдары мен колледж оқытушылары қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1308468?lang=kk

Жауап қалдыру