
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «QMobile» компаниясымен бірлесе отырып, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру аясында шалғайдағы елді мекендерді төмен орбиталы спутниктік жүйесі арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жалғастыруда.
Бұған дейін мүлдем байланысы болмаған елді мекендерде өткен жылы «OneWeb» жүйесі негізінде 329 қоғамдық Wi-Fi нүктесі орнатылған еді. Ал биыл жергілікті әкімдіктерден түскен қосымша өтінімдердің арқасында бұл жобамен қамтылған ауылдар саны 371-ге жетті.
Министрлік өкілдері интернеттің сапасы мен үздіксіз жұмысын тексеру үшін Алматы облысындағы Жіңішке ауылына арнайы барды.
«Инфрақұрылымы жоқ шалғай өңірлер үшін спутниктік интернет – дәстүрлі байланыс желілерін алмастыратын тиімді шешім. Мұндай сапарлар арқылы байланыс сапасын өз көзімізбен бағалап, бұл жобаның цифрлық алшақтықты жоюға септігін тигізіп жатқанына тұрғындардың пікірі арқылы көз жеткіземіз. Енді ауыл халқы тұрақты байланыста болып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде ала алады», деді Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев.
Ауылдың тыныс-тіршілігіндегі бұл оң өзгерісті Жіңішке ауылының тұрғыны Дәулетбек Алпысбаев та растады:
«Бұрын үй телефонынан басқа байланыс болмайтын. Балалармен, жақындарымызбен хабарласу үшін әнеубір таудың төбесіне көтеріліп, қырға шығып отыратынбыз – көрген күніміз сондай еді. Ал қазір, шүкір, интернет ауылдың ішінде-ақ ұстап тұр», — деді ол.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ауылдық жерлерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/telecom/press/news/details/1308499?lang=ru

Жауап қалдыру