
Вена, 2026 жылғы 8 қазан — Қазақстан Республикасының делегациясы Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (ХҚКК) қызметіне қолдау білдіріп, қарулы қақтығыстар саны артып отырған жағдайда халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтаудың ерекше маңызын атап өтті. Мәлімдеме ХҚКК Президенті Мирьяна Споляричтің сөз сөйлеуіне жауап ретінде жасалды.
Өз сөзінде Мирьяна Сполярич соғыстың өзінде де шектеулер болуы тиіс екенін, ал бейбіт тұрғындарды, медицина қызметкерлері мен гуманитарлық ұйымдар өкілдерін қорғау бұлжымас талап болып қалуға тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан ХҚКК-ның қарулы қақтығыстардан зардап шеккен адамдардың өмірі мен қадір-қасиетін қорғаудағы, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеуді ілгерілетудегі маңызды рөлін жоғары бағалады. Қазақстан үшін бітімгерлік, гуманитарлық қызмет және халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау өзара сабақтас бағыттар екені атап өтілді.
Қазақстанның Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастаманы ілгерілетудегі бастамашылардың бірі ретіндегі қатысуына ерекше назар аударылды. Аталған бастама мемлекеттердің халықаралық гуманитарлық құқықтың қолданыстағы нормаларын сақтауға бағытталған саяси ерік-жігерін күшейтуді көздейді.
Қазақстан делегациясы ХҚКК-мен практикалық ынтымақтастықты, оның ішінде зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек көрсетуді, БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуды және қазақстандық әскери қызметшілерді халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бойынша даярлауды жалғастыруға дайын екенін растады. Сондай-ақ әскери салада жасанды интеллектті, автономды қару-жарақ жүйелерін және кибертехнологияларды қолдану кезінде халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қатаң сақтаудың қажеттілігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1308617?lang=ru

Жауап қалдыру