Талдықорғанда Ұстаздар күніне арналған мерекелік іс шара өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бүгін Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Биылғы жиын «Білім берудегі цифрлық трансформация: жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбына арналды.

Шара аясында педагогтердің цифрлық дағдыларын жетілдіру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдалану және заманауи технологияларды меңгеру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ білім беру саласына енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдары таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырылды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, оған қала әкімі Ернат Бәзіл, білім беру ұйымдарының педагогтері, сала ардагерлері мен жас мамандар қатысты. Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбегіне жоғары баға берді.

«Ұстаз ұлт болашағын тәрбиелейтін, жас ұрпақтың бойына білім мен ізгіліктің дәнін себетін мәртебелі маман. Әр баланың тұлға болып қалыптасуына жол ашатын да ұстаз. Бүгінде білім беру саласы жаңа технологиялармен бірге дамып келеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың цифрлық трансформацияны дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейту және оны білім беру жүйесіне тиімді енгізу жөніндегі бастамаларымен сабақтас. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар педагогтің орнын алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтіп, білім алушыларға сапалы білім берудің жаңа жолдарын қалыптастырады. Сондықтан заман талабына сай жаңашылдықты меңгеру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану бүгінгі ұстаз үшін маңызды міндет», – деді Ернат Бәзіл.

Мерекелік жиында білім саласында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар маман қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар кәсіби шеберлігімен ерекшеленген педагогтер «Жетісу ұстазы – 2026», «Үздік сынып жетекші – 2026», «Үздік балабақша – 2026» байқауларының жеңімпазы атанып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Мектептер арасындағы рейтинг қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдары да арнайы марапаттарға ие болды: І орын – М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейі, ІІ орын – Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі, ІІІ орын – М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы.

Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласының білім беру ұйымдарында 3 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның 2,5 мыңнан астамы жоғары және бірінші біліктілік санатына ие. Биыл қала мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарға 115 жас маман жұмысқа қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1307467?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді