
Әлеуметтік қызметтер үйінде Алматы қаласының инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын екі маңызды күн – Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күні және қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылды. 2026 жылы бұл күндер тиісінше 11 және 25 қазанға сәйкес келеді.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауржан Жаубасовтың төрағалығымен өткен отырысқа Кеңес мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Наси қатысты.
Инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесте төрт мәселе қаралды: қала әкімінің инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісінің жұмыс қорытындылары, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту жөніндегі ұлттық ғылыми орталығының қызметі, әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі өзгерістер және «Инватакси» қызметінің ақпараттық жүйесін жетілдіру.
Талқылау барысында «Инватакси» жүйесінің жаңа функцияларын пайдаланушылардың тәжірибесі мен қажеттіліктерін ескеру мақсатында мүгедектігі бар адамдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен сынақтан өткізу ұсынылды. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіндегі өзгерістер туралы азаматтарды уақтылы ақпараттандыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Кеңес мүшелері Ұлттық ғылыми орталық жобаларының іске асырылу барысын жеке қарастырып, оның нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-uzsp/press/news/details/1308623?lang=ru

Жауап қалдыру