Астанада Fly-Park LAST RIDE-26 экстремалды спорт түрлерінен жарыс өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Астананың Байқоңыр ауданындағы Кемал Ататүрік атындағы саябақта орналасқан Fly Park скейт-паркінде Fly-Park LAST RIDE-26 экстремалды спорт түрлерінен жарыс өтті. Іс-шараға 12-25 жас аралығындағы 200-ге жуық жас спортшы қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарыс BMX фристайлы және трюктік самокат (Scoot) бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында көше спорты мәдениетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасау.

«Мұндай іс-шаралар жастар үшін өте маңызды. Олар аудан әкімдігінің өз бастамаларына қолдау көрсететінін сезінеді. Біз жастарды бір ортаға жинап, олардың идеяларын жүзеге асыруына көмектесуге тырысамыз.

Fly Park скейт-паркі биыл мамыр айында экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастар үшін арнайы салынды. Мұнда олардың қауіпсіз жаттығуына, шеберлігін шыңдауына және өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалған.

Сонымен қатар жастар арасында қаланың тазалығын сақтау, вандализмнің алдын алу және есірткіден аулақ болу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Алдағы уақытта да спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков.

Іс-шара ұйымдастырушысы Зейін Жакитовтың айтуынша, бұл – 2026 жылғы маусымның қорытынды жарысы. Мұндай сайыстар жылына екі рет өткізіледі. Алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.

«Қазір BMX фристайлы мен трюктік самокат спорты жастар арасында кеңінен танылып келеді. Жаңадан қосылып жатқан қатысушылар саны артып, спорттық инфрақұрылым да дамып жатыр. Бұл бағытта қала әкімдігі қолдау көрсетіп келеді.

Астанада бес скейт-парк бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Fly Park – елордадағы осындай үлгідегі жалғыз алаң. Дегенмен қыс мезгілінде жаттығуға арналған жабық алаң мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта спортшылар ашық алаңда жылына шамамен алты ай ғана толыққанды жаттыға алады.

Біздің мақсатымыз – жастардың жыл бойы спортпен айналысуына мүмкіндік жасау. Мұндай спорт түрлері физикалық дамумен қатар, табандылыққа, тәртіпке және мақсатқа жетуге үйретеді», – деді Зейін Жакитов.

Жарыстың ашылу рәсіміне Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов және Астана қаласы гимнастика федерациясының президенті, құқық бұзушылық профилактикасы кеңесінің мүшесі Ербол Жантықов қатысты.

«Мен өзім гимнастикамен айналыстым, халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Гимнастика мен экстремалды спорт түрлерінің арасында ұқсастық көп. Екеуінде де түрлі трюктер мен күрделі жаттығулар орындалады.

Бүгін жастарды қолдап, олардың өнерін тамашалауға келдім. Спортпен айналысу арқылы олар күш-қуатын арттырып, икемділігін дамытады және өзіне деген сенімін нығайтады. Бұл қасиеттер болашақта өмірдің басқа салаларында да көмектеседі», – деді Ербол Жантықов.

Іс-шара барысында қатысушылар спорттық жарыстармен қатар, «Вандализмге жол жоқ» акциясына да атсалысып, қабырғалардағы жазуларды өшіруге қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы медальдармен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1308723?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді