КИЕЛІТАС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
 
🇰🇿 Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен жоспарлы кездесуі Киелітас ауылдық округінде өтті. Жиында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар сараланды.
 
✅ Кездесу барысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталып, Киелітас ауылдық округінде қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Әсіресе, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру, инвестиция тарту және ауылдық аумақтардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
 
✅ Округтің экономикалық мүмкіндігін кеңейту мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – 24 гектар аумақта «QazCoilPro» ЖШС тарапынан алюминий орамдарын шығаратын зауыт салу жобасы. Құны 115 млрд теңгені құрайтын өндіріс орны іске қосылған жағдайда 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Қазығұрт бақтары» АШӨК-нің жеміс-жидек өңдеу цехын іске қосу және «Азия Милк» ШФҚ-ның 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасын дамыту жөніндегі жобалары жүзеге асырылуда.
 
✅ Әлеуметтік сала мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы округте әлеуметтік бағыттағы 11 жобаға 716 млн теңге қарастырылған. Қаражат мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға, су нысандарын жаңғыртуға, автомобиль жолдарын жөндеуге, жаяу жүргіншілер көпірлерін қайта жаңартуға, көшелерді жарықтандыру мен елді мекендерді абаттандыруға бағытталмақ.
Бұдан бөлек, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған бірқатар инфрақұрылымдық бастама жүзеге асырылуда.
 
✅ Кездесуде Киелітас ауылдық округінің әкімі Баймырза Адамбек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысын таныстырды. Жыл басынан бері азаматтар тарапынан айтылған 13 мәселенің 6-ы шешімін тапса, тағы 6 бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
 
✅ Басқосу барысында тұрғындар ауылдық округтің келешектегі дамуына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, көкейде жүрген мәселелерін жеткізді. Азаматтардың сауалдарына жауаптар беріліп, көтерілген мәселелерді шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Кездесуден кейін аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Әр мәселе бойынша шешу тетіктері қарастырылып, тиісті бөлімдер мен жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.
 
✅ Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды елді мекендердің тазалығы мен көркіне ұқыпты қарауға, абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға және Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға шақырды
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1308678?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді