
Қазіргі таңда Ақжар ауылдық округінде ауыз су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар елді мекеніне жұмыс сапары барысында ауыз су нысанындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын саралады.
Аудан басшысы мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жандандырып, белгіленген талаптарды қатаң сақтай отырып, нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, жауапты бөлімге құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жұмыс сапасына ерекше мән беруді міндеттеді.
Айта кетсек, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс нысанында жалпы 410 ауыз су құдықшасы және 82,4 шақырым ауыз су құбырларын жүргізу жоспарланған.
Бүгінде мердігер «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС тарапынан елді мекен аумағында 2 жаңа ауыз су ұңғымасы қазылып, аумағы қоршалды. Сонымен қатар, диаметрі 20, 63, 110, 125 және 160 мм болатын 78.3 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 345 су құдықшасы орнатылды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы орындалу көрсеткіші 67 пайызды құрайды.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Ақжар елді мекені тұрғындарының ауыз сумен қамтылу сапасы артып, елді мекеннің ауыз су инфрақұрылымы айтарлықтай жақсаратын болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1308734?lang=ru

Жауап қалдыру