
Алматы қаласы Полиция департаментінде 2026 жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.
Жыл басынан бері Алматыда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 10,4%-ға азайған. Ал қала көшелерінде жасалған қылмыстар саны 34,7%-ға төмендеген.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрес, сондай-ақ жол қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қол жеткізілген нәтижелердің профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырумен және халықпен өзара байланысты нығайтумен жалғасуы керектігін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және ең бастысы, халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Ол үшін құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюмен шектелмей, олардың алдын алып, себептерін анықтап, нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Айдын Кабдулдинов.
Басым бағыттардың қатарында балаларды құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ұйымдасқан қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың жолын кесу бар.
Сонымен қатар полиция жұмысында цифрлық технологияларды дамыту, бейнебақылау жүйесін жетілдіру, жол қауіпсіздігін арттыру және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысында Айдын Кабдулдинов бөлімше басшыларының жұмыс нәтижесіне дербес жауапкершілігін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
«Жұмыста жіберілген кемшіліктердің барлығы түзетіліп, проблемалық бағыттар бойынша оң өзгерістерге қол жеткізу қажет. Біздің жұмысымыздың өзегінде әрдайым адамдардың қауіпсіздігі, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және халықтың полицияға деген сенімін нығайту тұруы тиіс», – деп түйіндеді Алматы қаласының бас полицейі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1308783?lang=ru

Жауап қалдыру