
19 қазанда Корея Республикасының Каннын қаласында интелектуалды көлік жүйелеріне арналған 32-ші дүниежүзілік конгресс – ITS World Congress 2026 өз жұмысын бастады. Халықаралық іс-шарада Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов негізгі баяндамашылардың бірі ретінде сөз сөйледі.
Конгресс көлік саласындағы мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, технологиялық компаниялар мен сарапшылардың басын қосып, көлікті басқарудың заманауи тәсілдері мен инновациялық шешімдерді талқылауға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң болып табылады.
Өз баяндамасында вице-министр Қазақстанда көлік саласын цифрлық жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы басымдықтарды таныстырды. Жасанды интеллектті қолдануға, көлік түрлерінің деректерін бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруге, инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға және тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік байланыстарды дамытудағы рөліне назар аударылды. Халықаралық көлік дәліздерін цифрландыру, мультимодальды тасымалдарды жетілдіру және көлік-логистика үдерістерінің ашықтығы мен жеделдігін арттыру бағытындағы бастамалар таныстырылды.
Баяндамада көлік ағындарын талдау мен болжау, инфрақұрылымды зияткерлік бақылау және деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін цифрлық технологияларды пайдаланудың маңызы атап көрсетілді.
Конгресс шеңберінде жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер мен салалық пікірталастар өткізіліп, интелектуалды мобильділік, жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлікті цифрлық басқару мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ шетелдік технологиялық компаниялармен тәжірибе алмасу және ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылау көзделген.
Вице-министрдің конгресте негізгі баяндамашылардың бірі ретінде сөз сөйлеуі Қазақстанның көлік саласындағы бастамаларын халықаралық деңгейде таныстыруға және технологиялық әріптестікті нығайтуға мүмкіндік берді.
Анықтама: Каннын қаласындағы ITS World Congress 2026 конгресі «Beyond Mobility, Connected World» («Мобильділік шеңберінен тыс – өзара байланысқан әлем») тақырыбымен өтуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1313426?lang=ru

Жауап қалдыру