
Шымкент қаласының спортшысы Ибраһим Нұрмаханұлы Айчи–Нагоя Пара Азия ойындарында пара дзюдодан алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде J2 санаты бойынша өнер көрсеткен №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшысы жарыс барысында жоғары спорттық шеберлігін, табандылығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыстың алғашқы кезеңінде жеребе бойынша белдесуден босатылған Ибраһим Нұрмаханұлы екінші кездесуінде Тайпей спортшысы Чанг Шао-Хаоны таза жеңіспен ұтты. Жартылай финалда Жапония өкілі Сакурай Тетцуядан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.
Алтын медаль сарапқа салынған финалдық белдесуде отандасымыз 2026 жылғы әлем чемпионы, Өзбекстан спортшысы Кемран Нуралиевпен кездесті. Шешуші сәтте шеберлік танытқан Ибраһим қарсыласын иппон әдісімен жеңіп, Пара Азия ойындарының чемпионы атанды.
Бұл жеңіс – спортшының қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ жаттықтырушыларының кәсіби қолдауының нәтижесі. Ибраһим Нұрмаханұлының жарқын жеңісі Шымкент қаласының спорт саласындағы жетістіктерін толықтырып, еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтатты.
Спортшыны айтулы жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-sport/press/news/details/1315753?lang=ru

Жауап қалдыру