
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.
Жиынға аграрлық сала ардагерлері, министрлік пен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
«15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданып, ол 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл — еліміздің даму тарихындағы маңызды кезең. Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам дамуының алдағы бағыттарын айқындайды. Оның негізгі өзегі — адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамның бірлігін бекемдеу. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамытуға, заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуге басымдық берілген.
Ендігі басты міндетіміз — Конституцияда белгіленген өзгерістерді нақты іспен жүзеге асырып, нәтижесін көрсету. Әрбір мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметші халық алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өз міндетін адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етуге тиіс. Жұмысымыздың тиімділігі, ең алдымен, әр азаматтың өмірінен көрініс тапқан нақты нәтижелермен бағалануы керек», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Министр агроөнеркәсіптік кешеннің елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, ауылдық аумақтарды өркендетудегі, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және экономикалық әлеуетті нығайтудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауды жүйелі түрде жалғастырып, отандық өндірісті ұлғайтуға және аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті жағдай жасап келеді.
Айдарбек Сапаров аграрлық саланы дамытудың негізгі бағыттары ретінде заманауи технологияларды енгізуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейтуді, мал шаруашылығын өркендетуді және өндіріс орындарын жаңғыртуды атады. Бұл шаралар саланың тұрақты дамуына және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға жол ашады.
Министр ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне адал еңбегі, кәсібилігі және қызметіне жауапкершілікпен қарайтыны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ саланың әрбір жетістігі мыңдаған маманның күнделікті еңбегінің арқасында келетінін атап өтті.
«Республика күні қарсаңында елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау игі дәстүрге айналды. Биыл бірқатар әріптесіміз Мемлекет басшысының Жарлығымен ауыл шаруашылығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл — олардың көп жылғы еңбегіне, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген жауапкершілігіне берілген лайықты баға. Мұндай марапаттардың иелері үшін де, тұтас аграрлық қауымдастық үшін де маңызы зор. Өйткені бұл — еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге атсалысып жүрген әрбір азаматтың еңбегі еленетінінің айғағы», — деді Айдарбек Сапаров.
Жиын соңында сала қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ министрдің Құрмет грамоталары табысталды.
Атап айтқанда, төрт қызметкер «Құрмет» орденімен, тағы 16 қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Екі қызметкер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық наградасына ие болды. Бір қызметкер «Еңбек ардагері» медалімен, 13 адам «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, тағы 15 қызметкерге Құрмет грамотасы берілді.
Марапатталғандардың қатарында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің Қарағанды облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Леонид Темборовский, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты техникалық бақылау басқармасының бас инспекторы Маратхан Дюсенгулов, «Астық қоймалары» ЖШС өндірістік-технологиялық зертханасының технологы Азия Баймұхамбетова және басқа да сала мамандары бар.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған қызметкерлер ант берді. Олар мемлекеттік қызметшінің міндеттерін адал атқаруға, мемлекеттік қызмет қағидаттарын сақтауға және халық мүддесіне қызмет етуге ант етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1316843?lang=ru

Жауап қалдыру