Шымкентте Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел өтті (KGIR-2026)

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қазақстан Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (Kazakhstan Global Investment Roundtable, KGIR-2026) аясында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 инвестициялық құжатқа қол қойды. Шымкент қаласында өткен іс-шараға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.

«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық сессияда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, өңдеу және химия өнеркәсібіне, энергетикаға, ауыл шаруашылығына, тамақ өнеркәсібіне, көлік машина жасау саласына, цифрлық инфрақұрылымға және басқа да басым бағыттарға шетелдік капитал тарту шараларына тоқталды.

Олжас Бектенов «Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылса, тек соңғы 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш $100 млрд-тан асты», – деді.

Премьер-министр еліміз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғыртудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Бұл басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстан ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды мемлекет болып қала береді.

Премьер-министр инвесторларды ірі жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Олардың қатарында Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру және жоғары технологиялы Alatau City қаласын салу жобалары бар.

Премьер-министр іс-шара аясында шетелдік серіктестермен бірлесіп өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және басқа да салаларда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Ол жетекші шетелдік компаниялардың жаңа жобаларды іске асыру үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, Stadler Rail компаниясы Астана қаласында жаңа буындағы жолаушылар вагондарын шығаруды жолға қойды, Carlsberg Group заманауи сусын өндірісін іске қосты, Harvest Agro Holding ірі агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыруда, Mars үй жануарларына арналған азық өндіретін кәсіпорын құруда, ал Air Liquide сутегі өнеркәсібін дамытуда.

Қазақстан Үкіметі инвесторларды қолдау тетіктерін жетілдіруді және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды жалғастыруда.

Инвесторларды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – Kazakhstan Investment House. Оның аясында экспорт пен өнеркәсіпті қолдау бойынша 100-ден астам қызмет түрін ұсыну, Altyn Visa арнайы визалық режимін енгізу, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) базасында ағылшын құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы деңгейінде инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері жұмыс істейді. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады.

Елдің инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтингтерде де көрініс тапқан. Жетекші рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық деңгейдегі рейтингін сақтап отыр. S&P агенттігі соңғы он жылда алғаш рет Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін BBB деңгейіне дейін көтеріп, болжамын «тұрақты» деп белгіледі. Ал Global Investment Risk and Resilience Index рейтингінде Қазақстан 17 сатыға көтеріліп, 53-орынға жайғасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1316747?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді