
Конференция барысында қатысушылар Қазақстанның егемендік жылдарындағы даму нәтижелерін талқылап, еліміздің мемлекеттік құрылысты нығайту, экономиканы жаңғырту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру салаларында қол жеткізген елеулі жетістіктерін атап өтті.
Елші Е. Тоғжанов студенттерді алдағы Республика күні мерекесімен құттықтап, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдеріне кеңінен тоқталды.
Қазақстан Елшісі еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуына ерекше назар аударып, онда бауырлас Өзбекстанмен қарым-қатынастардың айрықша орын алатынын атап өтті. Елші Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіз даму жолында ортақ тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінде ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара құрмет дәстүрлеріне негізделген жан-жақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап көрсетті.
Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің бірінші проректоры Р. Икрамов қазақстандықтарды алдағы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол Қазақстан мен Өзбекстанның білім беру саласындағы ынтымақтастығына, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше мән берді.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры М. Төлеген адами капиталды дамытудың маңызды негізі ретінде Қазақстандағы білім беру саласының өркендеуіне тоқталды. Ол жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің және студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды университеттің Қазақстандағы негізгі кампусының қызметімен таныстырды.
Конференция барысында Қазақстанның тарихи даму жолы, ғылым мен білім беру саласындағы заманауи үрдістер, сондай-ақ қазақстандық-өзбекстандық академиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөнінде пікір алмасылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі елдің білім беру мекемелері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың, бірлескен ғылыми жобаларды іске асырудың және жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tashkent/press/news/details/1317256?lang=ru

Жауап қалдыру