
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Аталған жүйе мынадай төлемдер мен жәрдемақыларды қамтиды:
1. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
2. Жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;
3. Мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, бала асырап алушысына, қорғаншысына (қамқоршысына) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы);
4. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы).
Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 бұйрығымен бекітілген «Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен» (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі.
Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібі
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны, күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақыны (бұдан әрі – мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар) тағайындауға аталған жәрдемақыларды алуға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші негіз болып табылады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мүгедектік белгіленген жағдайда, жәрдемақы тағайындауға жүгінген кезде адамның еңбек қызметін тоқтатқанына немесе жалғастырып жатқанына қарамастан тағайындалады.
Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап, бірақ оны тағайындауға өтініш берген күнге дейін немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алынған күнге дейінгі үш айдан аспайтын кезең үшін тағайындалады.
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды бір мезгілде алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушының өтініші негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының бір түрінен екінші түріне ауыстыру өтініш тіркелген күннен бастап жүргізіледі.
Мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері Кодекстің 236-бабына сәйкес белгіленген, қайтыс болған асыраушының отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына сәйкес келетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне ұлғайтылады.
Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қайтыс болған асыраушының асырауында болу фактісіне қарамастан жоғары мөлшерде белгіленеді.
Мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері Кодекстің 236-бабына сәйкес белгіленген, қайтыс болған асыраушының отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына сәйкес келетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне ұлғайтылады.
Мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 234-бабының талаптарына сәйкес аталған адамдар қайтыс болған асыраушының асырауында болған жағдайда жоғары мөлшерде белгіленеді.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 177-бабының 6-тармағына сәйкес мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау кезінде олардың қайтыс болған асыраушының асырауында болғанын растайтын сот шешімі ұсынылады.
Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектігі бар адамдардың тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінен аз болса, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бар адамдардың тиісті санаты үшін белгіленген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша ақы түрінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік корпорация арқылы жәрдемақыны тағайындау тәртібі
Жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және жеке басын сәйкестендіру үшін жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
Іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе қорғаншылыққа не қамқоршылыққа мұқтаж адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін өтініш пен қажетті құжаттарды олардың заңды өкілдері ұсынады.
Үшінші тұлғалар жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат негізінде ұсынады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген құжаттар, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 6 желтоқсандағы № 11-1-2/576 бұйрығымен бекітілген Құжаттарды заңдастыру қағидаларына сәйкес заңдастырылуға жатады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16116 болып тіркелген).
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 177-бабының 6-тармағына сәйкес мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау кезінде аталған адамдардың қайтыс болған асыраушының асырауында болғанын растайтын сот шешімі ұсынылады.
Портал арқылы жәрдемақыны тағайындау тәртібі
Өтініш беруші «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және осы Қағидалардың 8-қосымшасына сәйкес өтініште көзделген қажетті мәліметтерді алу мақсатында мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салу жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар сұратылған мәліметтерді растайтын электрондық құжаттарды ұсынған жағдайда, портал арқылы сұрау салған өтініш беруші электрондық өтінішті өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырып, оны «Е-макет» автоматтандырылған цифрлық жүйесіне (бұдан әрі – «Е-макет» АЦЖ) жолдайды.
Портал арқылы келіп түскен жәрдемақы тағайындау туралы электрондық өтініш «Е-макет» АЦЖ-да мынадай параметрлер бойынша тексеріледі:
1. Ұсынылған мәліметтердің толықтығы;
2. Жәрдемақының немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының, жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалу, төлену, сондай-ақ оларды тағайындауға өтініш беру фактілерінің болмауы.
Көрсетілген параметрлер бойынша тексеру нәтижесі оң болған жағдайда өтініш «Е-макет» АЦЖ-да өңдеуге арналған кіріс хабарламалар журналына ауыстырылады.
Портал арқылы жәрдемақы тағайындауға жүгінген өтініш берушінің жеке кабинетіне электрондық өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет көрсету арқылы жәрдемақыны тағайындау тәртібі
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 171-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша жәрдемақы тағайындау құқығы туындаған кезде, көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі порталда тіркелген жағдайда, «Е-макет» АЦЖ арқылы проактивті қызмет алу мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберу бастамашылық етіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы проактивті қызмет көрсетуге келісім бергеннен кейін, сондай-ақ одан қажетті өзге де мәліметтер, оның ішінде қолжетімділігі шектеулі мәліметтер алынғаннан кейін, көрсетілетін қызметті алушы ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы банктік шотының нөмірін растау немесе ұсыну туралы SMS-хабарлама жібереді.
Проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға жүгінген күн болып көрсетілетін қызметті алушының қызмет көрсетуге келісімі алынған күн есептеледі.
Проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындау кезінде «Е-макет» АЦЖ осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген қажетті мәліметтерді алу мақсатында мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың цифрлық жүйелеріне сұрау салуды жүзеге асырады.
Цифрлық жүйелерден жәрдемақының бұрын тағайындалғанын немесе оны тағайындауға өтініш берілгенін растайтын мәліметтер алынған жағдайда, проактивті қызмет көрсету процесі аяқталады.
Бубешева Л.А.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1318217?lang=ru

Жауап қалдыру