Осакаров ауданының жас балуандары республикалық бәсекеде топ жарды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қарағанды облысы Осакаров ауданының Молодежный кентінен шыққан жас балуандар Астанада қазақ күресінен өткен QAZAQ KURESINEN BALA MUQAN республикалық турнирінде жүлделі орындарға ие болды. Жас спортшылардың бірі күміс, екіншісі қола медаль еншіледі.

Боз кілемде 2011–2012 жылдары туған және одан кіші жасөспірімдер белдесті. Осакаров ауданының атынан сынға түскен екі балуан да өз салмақ дәрежелерінде шеберліктерін танытып, жарысты жүлдемен қорытындылады.

Ильнур Нигматзянов 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленсе, Саян Мізембаев 50 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.

Жас балуандар үшін бұл республикалық деңгейдегі алғашқы жетістік емес. Саян Мізембаев бұған дейін «Бала Мұқан» турнирінде екі мәрте жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Петропавл қаласында өткен жарыста спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған.

Жаттықтырушы Жасұлан Әменкиннің айтуынша, шәкірттерінің жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуі – жүйелі жаттығу мен спортқа деген жауапкершіліктің жемісі.

– Жігіттер жарады! Олар жаттығуға не үшін келетінін жақсы түсінеді, бір сабақты да себепсіз қалдырмайды, дайындыққа жауапкершілікпен қарайды. Тәртіп, табандылық және тынымсыз еңбек қана осындай нәтижеге жеткізеді, – деді жаттықтырушы.

Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1309720?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді