Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 73 бабына сәйкес келесі себептер бойынша кезектен алынуы мүмкін:
1) егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған болса;
2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан болса;
3) азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген болса;
4) жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған болса;
5) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайда.
Осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тәртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды.
Соңғы абзацқа қатысты, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған түсініктеме бойынша, Заңның бұл нормасы балалары кәмелетке толған, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 29 жасқа толған отбасыларға қолданылады.
Заңның 8 бабына сәйкес, тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот шешедi.
Осыған байланысты, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінен алуға келіспеген жағдайда азаматтар сотқа жүгінуі қажет.
Егер кезектен шығару техникалық себептер бойынша орын алса (басқа базалардан мәліметтер алынбаса, мәртебесі немесе балалардың болуы расталмаса), қажет органға жүгініп базасына өзгерістер енгізу, содан кейін kezekte.kz сайтындағы жеке кабинетте қалпына келтіруге өтініш беру қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-energy/press/news/details/980321?lang=kk
Жауап қалдыру