«Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлеріне құрмет көрсетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Ақтөбеде облыс әкімі Асхат Шахаров республикалық «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» республикалық конференциясына қатысу үшін арнайы келген «Халық Қаһармандары»  мен «Қазақстанның Еңбек Ерлерін» ресми түрде қабылдады.

Қабылдау конференция қарсаңында ұйымдастырылып, қонақтарға Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихи-мәдени мұрасы мен елдік дәстүрі кеңінен таныстырылды.

«Батырлар мен жыраулардың қасиетті мекені – Ақтөбе жеріне қош келдіңіздер! Тәуелсіз еліміздің тарихында өшпес із қалдырған тұлғалармен жүздесу – біз үшін үлкен мәртебе. Елдің тұтастығы мен руханиятын дәріптейтін мұндай бастамалар – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадам», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Қабылдау барысында өңір басшысы маусым айында өтетін Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды шаралар жөнінде де ақпарат берді. Қонақтар Ақтөбе облысына жасаған сапар аясында «Әлия» музыкалық қойылымын тамашалап, батыр қыздың ерлік жолымен тереңірек танысады. Асхат Шахаров құрметті меймандарды аталған мерейтойлық шаралардың қадірлі қонағы болуға шақырып, елге еңбегі сіңген азаматтарға алғысын білдірді.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов, Құралай Бәйменова және Аягүл Миразовалар кездесу кезінде сөз сөйлеп, конференцияның Ақтөбе жерінде ұйымдастырылуының маңызын атап өтті. 

Еске сала кетейік, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» атты IV республикалық конференция Ақтөбе қаласында ертең, яғни 16 мамыр күні өтеді. Шараның басты мақсаты – халық батырлары мен еңбек ерлерінің ерлігін, еңбегін жастарға насихаттау, отансүйгіштік пен рухани тәрбие беру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/996925?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді