2025 жылғы 25 мамырда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Полиция – балалардың қорғаны» республикалық акциясы аясында Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы орта мектепте соңғы қоңырау мерекесіне арналған ерекше іс-шара өтті.
Бұл күні қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері, аға лейтенант Ерлан Көксубайұлы Керімбековтің қызы – Гаухар Ерланқызы мектепті аяқтап, жаңа өмірге қадам басты. Осы айтулы сәтке орай Райымбек аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы мектепке арнайы барып, батырдың қызына шын жүректен қолдау білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
– Полицейлер Гаухарды 11-сыныпты аяқтауымен шын жүректен құттықтап, болашақта үлкен жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен қызмет бабында қаза тапқан азаматтың ерлігіне көрсетілген құрметтің айқын белгісі, – деп атап өтті Алматы облысы ПД өкілдері.
Іс-шара жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Гаухар өзінің алдағы жоспарымен бөлісті – ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп, биология пәнінің мұғалімі атанғысы келеді және туған ауылына оралып, жас ұрпаққа білім беруді армандайды.
– «Полиция – балалардың қорғаны» акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан осындай бастамалар ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына, әсіресе, қызмет үстінде туыстарынан айырылған балаларға қолдау көрсетудің маңыздылығын көрсетеді. Бұл қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтып, тәртіп сақшыларын халықтың тірегі ретінде қалыптастыруға септігін тигізеді – деп қорытындылады полиция қызметкерлері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1003764?lang=kk
Жауап қалдыру