
Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев ТЖМ Кадр және тәрбие жұмысы департаментінің қызметкерлері – Дәурен Сабыраевқа және Ержан Анапьяновқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің алғыс хаттарын табыс етті. Марапаттар «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өткізілген «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бұрышын» ұйымдастыруға қосқан елеулі үлесі үшін табысталды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Оқу-Ағарту министрінің алғыс хатымен Астана қ. ТЖД қызметкерлері – Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Саят Кажимов, аталған басқарманың аға инженері Қанат Қалдаров, Жедел құтқару жасағының сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушы Ермек Алибеков және жасақтың құтқару бөлімшесінің бас құтқарушы Дамир Битаков марапатталды.
2025 жылғы 11-15 ақпан аралығында Астана қаласындағы «Экспо» халықаралық көрме орталығында өткен көрме құтқарушы және өрт сөндіруші мамандығының маңыздылығын көрсететін маңызды оқиға болды. Онда заманауи арнайы киімдердің үлгілері, өрт-техникалық қару-жарақ, тез салынатын өрт сөндіру бөлімінің макеті, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері пайдаланатын жедел әрекет ету өрт сөндіру техникасы мен медициналық жабдықтар ұсынылды.
Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылып, азаматтық қорғау органдарының имиджін арттыруға, сондай-ақ ТЖМ қызметкерлері арасында кәсіби мақтаныш сезімін тәрбиелеуге ықпал етті. Көрме қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың қуатты құралына айналып, жастарды қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өмірді құтқаруға байланысты мамандықтарды таңдауға шабыттандырғаны маңызды.
Табысталған алғыс хаттар ТЖМ қызметкерлерінің еңбегін мойындау болып табылады, себебі олардың жұмысы тек азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтып қана қоймай, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын мамандықтардың маңыздылығына назар аударуға көмектеседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/945640

Жауап қалдыру