
Астанада «Онлайн бюджет мониторингі» модулі арқылы бюджет қаражатына нақты уақыт режимінде бақылау жалғасуда.
Бұл модуль әлеуметтік сала ұйымдарында еңбекақы төлемдерін қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Енді мониторинг тек білім беру саласын ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтиды.
Мысалы, жеке тұлғалардың карталық шоттарына аударылған бюджет төлемдеріне жүргізілген талдау жалақы түрінде негізсіз төлемдер жасалуының жоғары тәуекелдерін көрсетті.
Атап айтқанда, «Асыл Мирас» №1 аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығының бас бухгалтері есеп айырысу құжаттарына өзгерістер енгізіп, басқа қызметкерлердің деректері көрсетілгенімен, қаражатты өзінің жеке банк шотына аударып отырған. 2022–2025 жылдар аралығында негізсіз төлемдердің жалпы сомасы 9,4 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, қызметкерлерге берілген аванстық төлемдердің белгіленген мөлшерден асып кеткені анықталып, оның көлемі 3,5 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, 2021 жылдың желтоқсанында 2022 жылдың қаңтарына аванс ретінде 1,9 млн теңге төленген, алайда бұл бухгалтерлік есепте көрсетілмей, мекеменің қаржылық есептілігі бұрмаланған.
Аудит барысында электрондық цифрлық қолтаңбаның үшінші тұлғаларға берілгені де анықталды. Бұл дерек бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапкершілігін қарастыру үшін жолданды.
Сондай-ақ, бухгалтердің басқа мемлекеттік мекемеде қатар жұмыс істегені белгілі болды, бұл рұқсат етілген еңбек жүктемесінен асып түскен және бюджет қаражатын заңсыз алуға себеп болған.
Тексеру нәтижелері бойынша бухгалтер жауапкершілікке тартылып, бюджетке 5 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою және жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шараларды қарастыру туралы нұсқама жолданды.
Бұл оқиға ішкі бақылауды күшейтудің, лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін арттырудың және бюджет қаражатының ашық әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз етуде цифрлық шешімдердің маңыздылығын айқын көрсетеді.
№ ДВГА–06/1360-И от 29.07.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-bilim/press/news/details/1045803?lang=kk
Жауап қалдыру