
Санитариялық-қорғау аймағы (СҚА) – бұл өнеркәсіптік кәсіпорындарды тұрғын, рекреациялық және әлеуметтік нысандардан бөліп тұратын санитариялық тосқауыл. Ол халықты зиянды шығарындылардан, шудан, дірілден, электромагниттік өрістерден және басқа да теріс факторлардан қорғайды. СҚА мөлшері қауіптілік класына және өндірістің ерекшелігіне байланысты санитариялық нормалармен айқындалады. Осы нормативтердің бұзылуы қоршаған ортаның сапасының нашарлауына және халық арасында сырқаттанушылықтың артуына әкелуі мүмкін.
Дәл осы мәселе Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұйымдастырған жұмыс кеңесінің негізгі тақырыбына айналды. Талқылау барысында, әсіресе, проблемалық учаскелер тіркелген жағдайларда санитариялық-қорғау аймақтарының нормативтік мөлшерлерін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Кеңеске облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың басшылары – «Қазақалтын» ЖШС және «АК Алтыналмас» АҚ қатысты. Онлайн-форматта талқылауға Шортанды ауданы әкімінің орынбасары, «Шортанды Су» ШЖҚ МКК директорының міндетін атқарушы, сондай-ақ Шортанды ауданы мен Степногорск қаласының аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары қосылды.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов атап өткендей, СҚА нормативтерін сақтамау халық денсаулығы мен қоршаған орта жағдайына елеулі қауіп төндіреді, сондай-ақ кәсіпорындар мен жақын маңдағы елді мекен тұрғындары арасында әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін.
Кеңес қорытындысы бойынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын күшейту және санитариялық-қорғау аймақтарының нормативтік мөлшерлерін қатаң сақтау бойынша шешім қабылданды. Бұл халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтау және қоршаған ортаны қорғаудың маңызды шарты болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1052202?lang=kk
Жауап қалдыру