
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Жұмыспен қамту өңірлік картасының орындалу барысы қаралды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжардың мәліметінше, биыл өңірде 54 234 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. 15 шілдеден бері қосымша 6 117 жұмыс орны құрылып, жоспар 11%-ға артты. Соңғы үш күндегі жоғары көрсеткіштер Ойыл, Байғанин, Мәртөк және Хромтау аудандарында байқалады. Қалған аудандарда жұмыс қарқынын күшейту керек.
Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 3 154 жұмыс орнын құру жоспарланған. Басқарманың дерегі бойынша, 142 жоба жүзеге асырылып, 3 052 адам жұмысқа орналасқан.
«Жұмыспен қамту жол картасы – жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халық табысын арттыруға бағытталған стратегиялық міндет. Оны жауапкершілікпен орындау қажет. Қалай болса солай қарау немесе деректерді бұрмалау фактілері анықталған жағдайда қатаң тәртіптік шаралар қабылданады», – деді облыс әкімі.
Жиын барысында Асхат Шахаров Ақтөбе қаласы, Хромтау және Мұғалжар аудандары әкімдіктерінің жыл басынан бергі «Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыруға қатысты жұмысына назар аударды. Бұған дейін белгіленген мерзімдерге қарамастан, жағдайды түзету бойынша оң нәтижелер байқалмайды.
Сондай-ақ Асхат Шахаров Білім және Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаларға Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесе отырып, жоғары оқу орындары мен колледждердің биылғы түлектерін жұмысқа орналастыруға толық мониторинг жүргізуді және оларды мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларына тартуды тапсырды.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Қыркүйек айында бұл мәселе қайта қаралады.
«Жұмыспен қамту жол картасы аясындағы әрбір жоба халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған. Жұмыс тиісті деңгейде орындалуы тиіс», – деп түйіндеді Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1053524?lang=kk
Жауап қалдыру