
Арыс қаласында 13 қазан – Халықаралық зағиптар күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында өткен шарада зағип жандар арасында спорттың 4 түрінен ауданарылық жарыс өтті.
Байқауға Арыс қаласынан өзге аудандардан келген 20-ға жуық азамат қатысты.
Шарада қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әсет Нұржанұлы, Түркістан облысының Зағиптар қоғамының төрағасы Әйтек зәуре , Арыс қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Құдайқұлов сөз сөйлеп, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке ұмтылған зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қоғамдық бірлестіктің ең басты мақсаты – оған мүше адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зағиптар мен нашар көретін жандарға барынша қолдау көрсету болып табылады. Сіздер қоғамдық ортада өздеріңізді тең ұстау үшін мемлекет тарапына үлкен қолдау жасалуда. Бұл жұмыстар әрқашан жалғасын табатын болады, – деді Әсет Нұржанұлы.
Шара аясында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды спорттың 4 түрінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІІІ орынды Бәйдібек ауданы, ІІ-ші орын Арыс ауданы, ал І орынды Ордабасы қаласының спортшылары жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.








Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-arys/press/news/details/1087508?lang=kk

Жауап қалдыру