
Қарағанды қаласында сот сараптамасы саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға сот-медициналық сараптама институтының мамандары, тәжірибелі сот сарапшылары, Қарағанды қаласы полиция басқармасының басшылығы, аумақтық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында сот сараптамасын тағайындау үдерісін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған “Е-сараптама” ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе тергеу барысында құжат айналымын оңтайландырып, барлық қатысушы тараптар үшін ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1-баптары бойынша қаралатын қылмыстық істерді тергеудің тәжірибелік қырлары талқыланды. Қатысушылар тергеу мен сот процестерінде жиі кездесетін күрделі мәселелерге тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Дөңгелек үстелде сот сараптамаларын тағайындау және жүргізу барысында туындайтын түйткілді мәселелер де қозғалды. Ашық пікір алмасу аясында полиция органдары мен сот-сараптама мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жолдары ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушылар барлық тараптар одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін бірауыздан білдірді. Қатысушылар сот сараптамаларының сапасы мен жеделдігін қамтамасыз етуге деген ұстанымдарын растады, сондай-ақ олардың әділ әрі заңды қылмыстық сот ісін жүргізудегі шешуші рөлін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1151420?lang=kk

Жауап қалдыру