
Мемлекеттік қолдаудың бірнеше бағыттары кәсіп ашамын деген кез-келген жергілікті тұрғындарға мол мүмкіндіктер беруде. Қайтарымсыз грант алып жаңа кәсіп ашу, шағын кәсібін ұлғайтуға берілетін төмен пайызды несиелер, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялар, осы секілді қолдаулардың шапағатын көрген тұрғындар бір ғана емес, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп келеді.
Сондай жанның бірі Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ажар Қалдыбаева. 2024 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында тігін шеберхасын ашып, іске қосқан. Ол мемлекеттен 8,5 млн теңге несие алып, жеке кәсіпкер ретінде өз жұмысын бастады.
Қаржысына арнайы техникалар мен қажетті құрылғыларды алып, жұмыс күшін көбейткен. Бұған дейін ағайын-туыс пен көрші-қолаңның өтінішімен тапсырыстар қабылдап, үй жағдайында көрпе, көрпеше мен жастықты қол машинамен тігіп өңдеп келген.
Мемлекеттен қолдау алған Ажар Өтенбайқызы мақта түтетін, көктейтін және көрпені 320 түрлі үлгіде тігіп шығаратын 3 түрлі құрылғы алған. Осы күнге дейін өнімдерді қолмен өңдеп, көп тапсырыс алуға мүмкіндігі болмаған ана, енді бірнеше қаладан тапсырыстар алуда. Отбасылық кәсіпке айналған шағын цехта бүгінде бес адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда кәсіпкер ана қыз жасауларынан бөлек, үй жағдайына перделер тігуді де қолға алған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/962568?lang=kk

Жауап қалдыру