Ақсуат ауданындағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданының орталығындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан орталық аурухананың жұмысымен танысты.

2010 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухана қазіргі таңда 42 төсек-орындық стационар мен ауданға қарасты барлық емдеу мекемелеріне қызмет көрсетеді. Мұнда 300-ден астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Аудан бойынша 17 мыңға тарта тұрғын тіркелген.

Қазіргі таңда нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимараттың шатыры толық жаңартылып, қасбеті заманауи материалдармен қапталуда. Ішкі бөлікте қабырға панельдері мен аспалы төбелер орнатылып, еден жабындары мен есік блоктары ауыстырылды. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі уақытта 90 пайызға аяқталған.

Нысанды аралап көрген аймақ басшысы мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстың сапасына мән беріп, уақтылы аяқтауды тапсырды.

«Ақсуат аудандық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау нысандары заманауи талаптарға сай болуы тиіс. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы Ақсуат ауданына 92 медициналық жабдық сатып алынды. Биыл да ауданға  медициналық жабдықтар алу көзделген. Атап айтқанда, синхрондау функциясы бар 7 бифазалы дефибриллятор сатып алынады. Бұл құрылғылар шұғыл және жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттырып, адам өмірін сақтап қалудағы мүмкіндіктерді кеңейтеді. Жаңғыртылған аурухана аудан халқы үшін қолайлы жағдай жасап, медицина қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізеді», – деді облыс әкімі.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Әштаева медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасының жақсарып жатқанына алғысын жеткізді.

«Аудандық ауруханаға 2010 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген еді. Қазір тұрғындар «Қаладағы ауруханалардан кем емес» деп ризашылығын білдіріп жатыр. Биыл компьютерлік томограф құралын сатып алдық. Шалғайдағы аудан болғаннан кейін бұл жабдықдар өте қажет болатын», – дейді ол.

Айта кетейік, Ақсуат ауданында 1 аудандық аурухана, 9 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 11 медициналық пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1161905?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді