
Абай облысы аумағында 15–22 ақпан аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын кесу, сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара шеңберінде полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын қорғау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін заңсыз өткізу, 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь және темекі өнімдерін сату, қорғау нұсқамаларын және есепте тұрған тұлғаларға қойылған шектеулерді бұзу деректеріне ерекше назар аударылуда.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінің қорытындысы бойынша 207 есепте тұрған тұлға тексеріліп, 15 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылды.
Сонымен қатар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекеттер жасаған 17 тұлға анықталды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болған 12 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде жүру, сондай-ақ алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзу деректерін анықтау және жолын кесу бағытында да тиісті шаралар қабылдануда.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы – бұл тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар олардың алдын алу, отбасындағы тұрақтылық пен өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс. Полиция қызметкерлері азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға басымдық беруде.
Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін заңмен белгіленген жауапкершілік қарастырылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын орындау – баршамызға ортақ міндет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1163753?lang=kk

Жауап қалдыру