
Н.Жантөрин атындағы филармония күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің «Әсем қоңыр» атты концертін өткізді. Қазақ күй өнерінің дара тұлғасы, Құрманғазы дәстүрін жалғаған күй анасы Дина Нұрпейісованың шығармашылығына арналған бұл кеш ұлттық рух пен терең мазмұнға толы болды. Концерт бағдарламасында Динаның дәстүрлі күй мұрасынан таңдаулы шығармалар орындалды. Кеш барысында Мәдениет саласының үздіктері Ержан Қитаров пен Сая Жұмашева жетекшілік еткен оркестрлік орындаулармен бірге белгілі күйшілер жеке өнер көрсетті. Атап айтқанда, Шарипа Жаменова, Айнұр Сакупова, Айгүл Батырхайрова, Айымгүл Саматова, Нұрай Зинор сынды өнерпаздар көрерменге күй өнерінің нәзіктігі мен тереңдігін айқын сезіндірді. Әрбір күйдің мазмұны мен көркемдік сипаты кешті тізгіндеген белгілі күйші Жәнібек Жәмиевтің танымдық әңгімелерімен сабақтасып, көрерменге Дина мұрасының рухани салмағын ұғындырды. Ұлттық аспаптардың әсем үні, орындаушылардың жоғары шеберлігі залдағы тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. «Әсем қоңыр» – қазақ күй өнерінің асыл мұрасын ұлықтаған, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды концерт болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-madeniet/press/news/details/1164388?lang=kk

Жауап қалдыру