
Хромтаудағы іссапар: жастар тәрбиесі мен құқықтық тәртіптің нығаюы басты назарда
Іссапар бағдарламасы аясында сапар ауданның әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралаудан басталды. Ең алдымен №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арнайы барып, жас спортшылардың жаттығу үдерісімен танысып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды бұқаралық спортқа тарту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді. Өскелең ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке және патриоттық рухқа тәрбиелеудің маңыздылығы атап өтілді.
Одан кейін аудандық полиция бөлімшесіне барып, қызметтік жұмыстың ұйымдастырылуы, жедел-қызметтік бағыттағы атқарылып жатқан шаралар және материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейімен танысты. Қызметкерлермен кездесуде заңдылықты сақтау, кәсіби біліктілікті арттыру және халықпен тиімді кері байланысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар барысында «Қамқор» отбасын қолдау орталығына да арнайы барып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көрсетіліп жатқан көмектің жай-күйімен танысты. Отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикалық жұмысты жүйелеу бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.
Іссапар Хромтау тау-кен техникалық колледжінде жалғасын тапты. Оқу орнының білім беру үдерісі, өндірістік тәжірибе мүмкіндіктері және заманауи техникалық мамандар даярлау бағытындағы жұмыстары таныстырылды. Еркін форматта пікір алмасу өтіп, құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапарының қорытындысында өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайту мен жастар тәрбиесіне бағытталған кешенді жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1165636?lang=kk

Жауап қалдыру