
Талапты ауылы тұрғындарының бастамасымен қоғам үшін маңызы зор, тәрбиелік мәні терең жиын өтті. Аталған басқосуда ауыл халқы бір ауыздан ішімдік атаулыдан бас тартып, салауатты өмір салтын ұстану жөнінде ортақ әрі нық шешім қабылдады.
Бұл игі бастама – ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және ел ішінде тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Ауыл тұрғындарының мұндай бірлескен шешімі қоғамдағы жауапкершілік пен азаматтық сананың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Жиынға ауылдың ақсақалдары, белсенді жастары, кәсіпкерлері және тұрғындар кеңінен қатысты. Сонымен қатар шараға арнайы Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Еркебулан Жаймырзаев, аудандық полиция бөлімі басшысы Берік Нышанбаев, сондай-ақ аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов қатысты.
Шараның ашылуында аудандық мәдениет саласының қызметкерлері ішімдіктің адам өміріне, отбасы мен қоғамға тигізетін зияны туралы мазмұнды сахналық қойылым ұсынып, жиналған жұртшылыққа терең ой салды. Қойылымда ішімдік салдарынан туындайтын отбасылық жанжалдар, әлеуметтік қиындықтар мен құқық бұзушылықтар көркем түрде бейнеленді.
Күн тәртібіне сәйкес ішкі саясат бөлімі, полиция және прокуратура өкілдері сөз сөйлеп, ішімдікке қарсы қоғамдық бастамалардың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар тәрбиесін күшейту, ауылдағы қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Жиын барысында ауылдың өнегелі қарияларына қоғамдағы белсенділігі, ауыл өміріне қосқан үлесі және кейінгі ұрпаққа көрсеткен үлгісі үшін алғыс хаттар табысталып, иықтарына зерлі шапандар жабылды. Ауыл ардагері Ердесов Сейдалы жастар мен тұрғындарға арнап тағылымды сөз сөйлеп, бірлікке, тәртіпке, өзара сыйластық пен жауапкершілікке үндеді.
Сонымен қатар ауыл имамы Әділхан Өмішев рухани құндылықтар, имандылық, сабыр мен салауатты өмір салтының адам өміріндегі маңызы туралы ой қозғады.
Жиынды қорытындылаған ауыл әкімі Шохан Жамалханов ауыл тұрғындарына белсенділік танытып, елдік бастамаға бір кісідей атсалысқандары үшін ризашылығын білдірді.
Жиын соңында ауыл қариясы Қыдыров Сейдахан ақ батасын беріп, ауылдың амандығы мен берекесін тіледі.
Айта кетейік, бүгінде Талапты ауылында 1236 тұрғын өмір сүреді. Аталған жиын – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағын айқын көрсеткен, қоғамды зиянды әдеттерден сақтауға бағытталған үлгілі бастама.
Талапты ауылының бұл игі қадамы алдағы уақытта өзге елді мекендерге де оң үлгі болары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1166506?lang=kk

Жауап қалдыру