
Шығармашылық тарту: ШҚО ПД қызметкерлері өнер әлеміне енді
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті өз қызметкерлеріне арнап ерекше шығармашылық сыйлық әзірледі. Дәстүрлі ресми шаралардың орнына нәзік жандылар қаланың жайлы студияларының бірінде арт-терапия шеберлік сағатына қатысты.
Кәсіби шеберлердің жетекшілігімен қатысушылар қызметтік күнделікті тіршілікті бір сәтке ұмытып, кенеп пен бояулар әлеміне бойлады. Студияда орнаған жылы әрі достық атмосфера, өзара ілтипат пен шығармашылық шабыт бұл күнді ерекше мерекеге айналдырды.
«Бүгін біз уақытымызды өзімізге арнап, өнерден қуат алдық. Әріптестеріміздің жаңа қырларынан танылып, әр сәттен ләззат алғанын көру — үлкен бақыт», — деп қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті.
ШҚО ПД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма ұйымдастырушылары мұндай бастамалар мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұжымдағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті. Бұл шара полиция қатарындағы әрбір әйел затының маңыздылығы мен құндылығын тағы бір мәрте айқындап берді.
Шығармашылық кеш көктемгі гүл шоқтарын табыстаумен және қатысушылардың өз туындылары аясында естелік фотоға түсуімен аяқталды. Бұл туындылар ендігі кезекте олар үшін шабыт пен ұжымдық рухтың символына айналмақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1177462?lang=kk

Жауап қалдыру