
Сарыкемер ауылындағы аудандық кітапханада мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен «Мәдениет – конституциялық сананы қалыптастыру құралы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынның басты мақсаты – Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мәнін тереңінен түсіндіру және алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға халықты жұмылдыру.
Мәдениет қызметкерлері – қоғамның айнасы, халықтың рухани бағдаршамы. Сондықтан жаңа Конституция жобасын талқылауда осы сала өкілдерінің пікірі ерекше маңызға ие. Дөңгелек үстел барысында Конституциялық реформаның тек саяси емес, сонымен қатар терең әлеуметтік-мәдени астары бар екені айтылды.
«Мәдениетті ел – заңды сыйлайды. Конституциялық сана дегеніміз тек заңды білу емес, оны құрметтеу және мемлекет тағдырына жауапкершілікпен қарау. Бүгінгі кездесу – соның айқын дәлелі», – деді жиынға қатысушылар.
Кездесу барысында жаңа Ата заң жобасының демократиялық институттарды дамытудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар барша аудан тұрғындарын 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға біркісідей қатысуға шақырды. Бұл тек саяси науқан емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи сәт екені ерекше атап өтілді.
Мәдениет өкілдері мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір ретінде бұл реформалардың халыққа қолжетімді тілде жетуіне өз үлестерін қоса бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1179522?lang=kk

Жауап қалдыру