Асхат Шахаров Көрісу күнінде белгілі композитордың шаңырағына барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Көрісу күні – Амал мерекесінде өңірдің мәдениетіне зор үлес қосқан композитор, дирижер, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 90 жасты алқымдаған ардақты ұстаз Қайырғали Қожанбаевтың шаңырағына арнайы барып, сәлем берді.

Ұлттық дәстүрге сай өткен кездесуде аймақ басшысы ақсақалдың хал-жағдайын сұрап, мерекемен құттықтап, көрісті. Сонымен қатар оның Ақтөбе облысының мәдениет саласына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Көрісу күні – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрі. Бұл күні ағайын-туыс, ел-жұрт бір-бірімен амандасып, үлкенге құрмет көрсетіп, ақсақалдардың батасын алады. Осындай күні Сізге арнайы келіп, амандасу – біз үшін үлкен мәртебе. Биыл Ақтөбе өңірінде қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, ғалым және дирижер Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Оның шәкірттерінің бірі – өзіңізсіз, ұстазыңыздың музыкалық дәстүрін жалғастырып, өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Ахмет Жұбановқа арналған мерейтойлық апта аясында концерттер, көрмелер, шеберлік сабақтары мен фестивальдер ұйымдастырылып, ұлттық музыка өнеріндегі сабақтастық пен ұрпақтар жалғастығы айқын көрініс табады деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Қайырғали Қожанбаев 1938 жылы Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мәдени-ағарту училищесінде оқытушы болып бастап, кейін Ақтөбе облыстық филармониясының ұлт аспаптар ансамблін басқарды. 1971 жылы Ақтөбе музыка училищесінің (қазіргі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж) директоры болып тағайындалды.

Ол – 70-ке жуық музыкалық шығарманың авторы. 2003 жылы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына бастамашы болып, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарды. 2007 жылы оркестр Магнитогорск қаласында өткен халықаралық «Европа – Азия» фестиваль-конкурсында Гран-при жүлдесін иеленді.

Өнердегі еңбегі үшін 1988 жылы «ҚазКСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы беріліп, 1996 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Кездесу соңында ақсақал ел амандығын тілеп, батасын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1181071?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді