
Ақордада өткен салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы бұл күннің ел тарихындағы айрықша кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүкіл халық атынан Ата заңға және оны іске асыру жөніндегі Жарлыққа қол қойылды. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Сонымен қатар Конституция күні енді жыл сайын 15 наурызда ұлттық деңгейде атап өтіледі.
Президент Конституцияны мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын аса маңызды құжат ретінде бағалады. Ол жаңа Ата заңның жобасы екі жыл бойы мұқият әзірленіп, кеңінен талқыланғанын, нәтижесінде бұл құжат шын мәнінде «Халық Конституциясына» айналғанын жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен республикалық референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, азаматтардың белсенді қатысқанын айтты. Халықтың басым бөлігі жаңару мен жаңғыру бағытын қолдап дауыс берген.
Мемлекет басшысы референдумды ел бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі ретінде бағалап, дауыс беру науқанына қатысқан барша азаматқа алғыс білдірді. Сонымен қатар бірқатар өңір тұрғындарының белсенділігін ерекше атап өтті.
Президент сөз соңында барша қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, оның ел болашағы үшін маңызды негіз болатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1183236?lang=kk

Жауап қалдыру