
Түбі бір түркі жұртының басын қосқан шарада әзірбайжанның балабаны, қырғыздың-қомызы, түріктің багламаны, түрікменнің дутары бір сахнада әуеледі.
Қалашықтағы кіші сахнада Түрікменстаннан келген жиырмаға тарта әртіс өнер көрсетті. Олар ұлттық әндерін шырқап, өздерінің төл биі «Күшдептіні» билеп, көптің ықыласына бөленді.
-Ақтау эстафетаны Түрікменстанның Әнеу қаласынан қабылдады. Бұл қала бізге шекарамызға да жақын, рухани ұқсастығымыз да бір . Әртістер сахнада өнер көрсеткенде көрермендер жақсы қабылдап жатыр. Біз ертең де өнерімізді көрсетеміз,- дейді Түрікменстан мәдениет министрлігінің бөлім басшысы Азат Мухамметмырадов.
Ақтаулық көрермендер алдында қырғыз өнерпаздары да ерекше өнер көрсетті. Қобызшы Талантбек Карабаев “Ақ бақай” күйін тартып, қобыз үнімен көрермендерді баурап алды. Ақтауға алғаш келген өнерпаз әсіресе маңғыстаулықтардың қонақжайлығына дән риза.
-Ақтау ерекше дайындалған екен. Бізге мұндағы атмосфера ұнап жатыр. Сахнада тұрғанда халықтың ықыласы ерекше болды. Жалпы айналада ерекше көңіл-күй жүріп жатыр. Сіздерге рахмет, әсіресе қонақжай пейілдеріңіз үшін алғыс айтамын,- деді ол.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/971572?lang=kk

Жауап қалдыру