
Қарағанды қаласы қыс мезгілінен кейін ретке келтірілуде. Қалада сенбіліктер басталғанымен, атқарылар жұмыс әлі де жеткілікті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалалық билік пен мердігер ұйымдардың қатысуымен өткен көшпелі кеңес барысында тазалық жұмыстарының қарқыны мен сапасын арттыруды талап етті.

Өңір басшысы облыс орталығының көшелерін аралап, санитарлық тазалық жұмыстарының барысын тексерді.

Жаяу жүргіншілер аймақтарына, аулаларға және бизнес нысандарына іргелес аумақтарға ерекше назар аударылды.

Аралау қорытындысы бойынша қызмет көрсетуші компаниялардың барлығына ескертулер жасалды.

— Жұмыстардың қарқынын күшейту, тазалау сапасын арттыру және күнделікті бақылауды қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар бердім. Талап қатаң болады — қажет болған жағдайда келісімшарттарды бұзуға дейін барамыз, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі атап өткендей, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде және күн сайын жүргізілуі тиіс.

Бұл қала тұрғындары үшін тәртіп пен қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1189235?lang=kk

Жауап қалдыру