Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балық шаруашылығын дамыту бағытында Түркістан облысында инвестиция тарту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде балық шаруашылығын дамыту Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Осы бағытта Түркістан облысының әкімідігі мен «Ауыл» партиясы бірлесіп «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» бірінші халықаралық вестивалі өтті.
Аталған шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, балық аулау спортына деген қызығушылықты арттыру, шетелдегі балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, достық қарым-қатынасын нығайту, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру.
Салтанатты шараға «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов, «Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Фестиваль барысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды.
«Rauan Ranch» демалыс аймағында балық аулаудан өткен ерекше сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелден келген 10 команда қатысып, бірнеше бағыт бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, қалқымалы қармақпен балық аулау, жағадан спиннингпен балық аулау турнирі, фидерлік спорттық балық аулау жарысы өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, марапатталды. Қармақпен балық аулаудан 1-орынды Шымкент қаласының командасы иеленсе, 2-орын Қырғызстан Республикасына, 3-орын Түркістан облысына бұйырды. Спиннинг бойынша Қызылорда облысы 1-орынды жеңіп алса, Жамбыл облысы 2-орынға ілікті. 3-орын Қырғызстан Республикасына бұйырды. Фидерлік балық аулау бойынша Қырғызстан Республикасы балықшылары жеңімпаз атанып, Шымкент қаласы 2-орынды иеленсе, Қызылорда облысы 3-орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар арнайы дипломдарымен, қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Мұнан да бөлек, сайысқа белсенді қатысып, ерекше көзге түскен жекелеген балықшылар арасында «Ең үлкен балық ұстаушы», «Ең кішкентай балық ұстаушы», «Ең көп балық ұстаушы» номинациялары бойынша да қатысушылар анықталып, ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Бас төрешінің мәліметінше, ең ірі балықтың салмағы 3,2 келі, ал ең кішкентай балық 50-70 грамм болған.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 184 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Облыс аумағында 104 жергілікті маңызы бар су айдындары тіркелсе, оның 74-інде балық шаруашылығы жүргізілуде.
Шардара ауданында қуаттылығы жылына 12 мың тонна балық өнімін өндіруге қауқарлы төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жасанды жолмен балық өсіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Өткен жылы жоспарланған 7 467 тонна балық өсіру көрсеткіші толық орындалды. Акваөсіру саласын дамыту үшін облыстық және республикалық бюджеттен субсидиялар мен инвестициялық қолдаулар қарастырылған.
Бүгінде жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып, инвесторлар тартылуда. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.
«AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» фестивалі ауыл еңбеккерлері, кәсіпкерлер және сала мамандарының еңбегін дәріптеп, өңірдегі балық шаруашылығының тұрақты дамуына, экономиканың өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін маңызды шараға айналды.
Түркістан облысында спорттық балық аулау фестивалін жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
Жауап қалдыру