
12 сәуір – Ғарышкерлер күні мерекесіне орай ауылдық кітапханаларда танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралардың басты мақсаты – жас ұрпаққа ғарыш әлемі туралы түсінік беру, ғылым мен техниканың дамуына қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ ғарышты игерген батыр тұлғаларды насихаттау болды.
Іс-шара барысында оқырмандарға адамзат тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуы туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар қазақ халқының тұңғыш ғарышкерлері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов жайлы қызықты деректер айтылып, олардың ерлігі мен еңбегі үлгі ретінде көрсетілді.
Кітапхана қызметкерлері «Ғарыш әлеміне саяхат» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ғарыш тақырыбындағы әдебиеттерді оқырмандарға таныстырды. Оқушылар арасында викториналық сұрақтар қойылып, зияткерлік ойындар өткізілді. Қатысушылар ғарыш туралы білімдерін сынап, белсенділік танытты.
Сондай-ақ балалар сурет байқауына қатысып, өз қиялындағы ғарыш әлемін қағаз және асфальт бетіне түсірді. Бұл шығармашылық жұмыстар олардың қиялын дамытып, ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсті.
Осындай танымдық іс-шаралар ауыл кітапханаларының мәдени-ағартушылық қызметін жандандырып, жас ұрпақты білімге, ізденіске және ел болашағына үлес қосуға ынталандырады.
Бесқарағай аудандық орталық кітапханасының баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/airtau-maslihat/press/news/details/1200429?lang=kk

Жауап қалдыру