
Келес ауданында индустриялық даму жаңа деңгейге көтерілуде. Абай ауылы аумағынан 9 гектар жер бөлініп, шағын өндірістік парк құрылды. Бүгінде осы аумақта бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорындардың іргесі қалануда. Инвесторлар есебінен қолға алынған бұл бастама аудан экономикасына серпін беретін маңызды өндірістік алаңға айналуда.
Осы ретте аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өндірістік парк аумағында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысымен танысып, инвесторлармен және жауапты тұлғалармен кездесіп, жұмыстардың сапасы мен мерзімін пысықтады.
Атап айтқанда, «Керуен» ЖК-нің шаруашылық сабын, иіс сабын және сұйық сабын өндіретін зауыт жобасы бүгінде құрылыс алаңын дайындау кезеңінде. Қазіргі таңда жер учаскесін тегістеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылымға арналған контейнерлер жеткізілген.
Сонымен қатар, «Келес Эко-Дез» ЖШС-нің медициналық қалдықтарды қайта өңдеу нысанының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Нысанның қабырғасы толық көтеріліп, шатыры жабылған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Ал «Келес-Дезинфекция» ЖШС жүзеге асырып жатқан медициналық заттарды сақтау қоймасының құрылысы да негізгі кезеңдерден өткен. Қойманың қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Алдағы уақытта бұл нысан медициналық қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді.
— Бүгінгі жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба – аудан экономикасының дамуына қосылған нақты үлес. Біз үшін ең маңыздысы – өндірісті көбейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар тиімді пайдаланылып, инвесторлармен тығыз жұмыс жалғасады, – деп атап өтті аудан әкімі.
Жалпы, Абай ауылындағы өндірістік парк аясында жүзеге асып жатқан бұл жобалар Келес ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беруде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1200563?lang=kk

Жауап қалдыру